Қарақат Әбден президенттікке үміткер ретінде ұсынылды (original) (raw)
Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы Қарақат Әбденді кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде ұсынды.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, 48 жастағы Қарақат Әбденнің мамандығы – экономист-маркетолог. Мемлекеттік қызметте ұзақ жыл тәжірибесі бар – мемлекеттік кіріс, қаржы министрлігі мен салық комитетінде түрлі лауазымды қызмет атқарған. "Нұр Отан" партиясы (қазіргі "Аманат") аппаратында да қызмет істеген. Астана мәслихатының депутаты.
Әбден өзін "қоғам қайраткері" ретінде сипаттайды. Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, ол президент жанындағы әйел істері және отбасы-демография саясаты жөніндегі ұлттық комиссияға мүше, Астана әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша штаттан тыс кеңесшісі, астана қоғамдық кеңесіне мүше. Одан бөлек, балалар үйі тәрбиеленушілеріне де жетекшілік етеді деп айтылады.
2013 жылдан бері Әбден "мәдени-инабаттылық қыздар институты" деп аталатын "Қазақ қызы" ұйымына жетекшілік етеді. Аталған ұйымның негізін де сол қалаған.
2019 жылы "Сен қазақтың қызысың. Мақтан ет!" атты кітабы жарық көрген кезде бірқатар белсенділер кітап мазмұнын сынап, бұған қоса ол мемлекет қаржысымен басылып шыққан болуы мүмкін деген болжам айтқан. Себебі "Қазақ қызына" жыл сайын мемлекеттен миллиондаған теңге бөлінеді.
Егер Әбден кандидат ретінде тіркелсе, ол Қазақстан тарихында президенттікке үміткер ретінде тіркелген екінші әйел атанады. 2019 жылы Дания Есбаева "Ақ жол" партиясы атынан президенттікке үміткер болған.
20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлауына қатысуға ниет білдірген үміткерлер әзірге төмендегідей:
- Жигули Дайрабаев – "Ауыл" партиясы ұсынған – ОСК-ға 6 қазанда құжаттарын өткізді;
- Қасым-Жомарт Тоқаев – 6 қазанда құрылған "халықтық коалиция" ұсынған – ОСК-ға құжаттарын 7 қазанда өткізді;
- Нұрлан Әуесбаев – ЖСДП ұсынған – құжаттарын 7 қазанда өткізді;
- Мейрам Қажыкен – "Аманат" кәсіподақтар достастығы – ОСК-ға құжаттарын 4 қазанда өткізген.
- Қарақат Әбден – Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы ұсынған – ОСК-ға құжаттарын өткізбеді.
Кандидаттарды ұсыну 11 қазанда кешке аяқталады. Сарапшылар қазірге дейін ұсынылған кандидаттардың қоғамда шынайы саяси салмағы жоғын және қазіргі президентке нағыз бәсекелес бола алмайтынын айтады.
Заң бойынша, жасы 40-қа толған, кейінгі 15 жылда Қазақстан аумағында тұрған, мемлекеттік қызметте кемінде бес жыл тәжірибесі бар, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін адам президенттікке үміткер бола алады. Сарапшылар "мемлекеттік қызметте кемінде бес жыл тәжірибе болуы тиіс" деген талап көптеген қазақстандықтың билікке араласу құқығын шектейді, сайлауға қатысу мүмкіндігін азайтады, алалайды деп сынаған.
Қарай отырыңыз: "Кемінде бес жыл мемлекеттік қызмет атқару". Бұл талап азаматтардың құқығын шектей ме? (7 қазан 2022 жыл).